Мәдениет

Ойылдың Отары

Әр өңірдің ұмытылмас тұлғалары болады. Олардың өз уақытында елге сіңірген еңбектері ешқашан көнермейді. Сондай биік тұлғалы азаматтардың бірі — Отар Қылипанов еді.

Ол осыдан тоқсан жыл бұрын Ойылдың Құмжарған деп аталатын ауылында дүниеге келген. Жастайынан ұжымшардың қара шаруасына араласып, енді еңсесін тіктеген тұста ел қорғауға аттанады. Майданда командир болып, офицерлік дәрежеде алғы шепте жүреді.

Ол жараланып елге оралғанда да қапалы көңіл-күйдегі халыққа  жігер беріп, алға ұмтылуға шақырды, жеңіс күнін жақындатуға үндеді. Өзі қаржы және салық саласында еңбек етті, бір жылдары аудандық қаржы бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалды. Бюджеттік мекемелердің қалыпты қызмет жасауына бар күш-жігерін жұмсады. Еңбек ете жүріп Семейдің қаржы техникумында білімін көтерді.

Ел қиындықтан енді шығуға қам жасаған елуінші жылдары оған үлкен сенім көрсетіліп, аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне сайланып, әлеуметтік мәселелерді шешуге еңбек етті. Ол шаруашылық проблемаларын оңтайлы шешуде өз өнегесін көрсетті. Сол жылдарда жайылма суарма алқаптарын игеру жүзеге асырылды. Тамдыкөл, Қиыл, Жекенді өзендері бөгеліп, жазғытұры 30 мыңдай гектарға су жайылды, ол жерлерден мол мал азығы жиналды. Отекең штаб басшысы ретінде Жекенді су жүйесін бір маусым  ішінде іске қосуға жетекші болды.

Тың игеру жылдарында «Саралжын» кеңшары құрылып, шаруашылық коммунистері Отар Қылипановты осында партия комитетінің хатшылығына сайлады. Ол кеңшар директорлары болған Серікбай Төлеубаев, Кеңес Нокинмен бірге қызмет жасап, ауыл абыройын көтерісуге атсалысты. Коммунистерді  ортақ іске жұмылдыра білді, кадрларды тәрбиелеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізді.

Ал елде отыз мыңшылар қозғалысы басталған тұста Қазақстанның ХХХ жылдығы атындағы колхоз басқармасының төрағалығына сайланып, өзінің ұйымдастырушылық қабілетін сынға салды. Шаруашылық арзан ет, сүт, жүн өндіруде жоғары көрсеткіштерге жетті. Оның еңбегі жоғары бағаланып, Қазақстан Коммунистік партиясының ХІ съезіне делегат болып сайланды.

1962 жылы аудандағы 7  ұжымшар ірілендіріліп, 5 кеңшарға біріктірілді. Сол кезде Отекең Берсиев атындағы кеңшардың партия ұйымына жетекшілік етті. Оның ілгері жылдардағы жинаған тәжірибесі өз жемісін берді, оны халық іскер азамат, партияның жалынды жауынгері ретінде таныды.

Сол кездерде қай жерде де ауыл шаруашылығы мамандары жетіспейтіндігі айқын байқалды. Сондықтан орта буын, әсіресе жұмысшы кадрларын даярлауға айырықша көңіл бөлінді. Ойылдағы ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесіне оның директор ретінде тағайындалуы — нақ осы тұс. Ол ең алдымен оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайтуға күш салды. Соны тірек ете отырып, білікті кадрлар даярлау негізін қалады.

1963-1964 – айтулы қоян жылы өз қиындықтарын ала келді. Көптеген шопандар таяғын ұстап қалды. Құлдыраған шаруаны көтеруге жігерлі азаматтар керек болды. Талай сыннан мүдірмей өткен Отар Қылипановты бұл жолы «Жетікөл» кеңшарын басқаруға  жіберді. Көп ұзамай мұнда да оның қолтаңбасы айқын көрінді. Күні-түні демалмастан еңбек ететін ол аз ғана уақытта қоғамдық мал басын қалпына келтіруге қол жеткізді. Шопан Сайын Алпанов, жылқышы Аманғос Мұқанғалиев, сиыршы Ғұсман Әбішев үздік көрсеткіштерге жетіп, мемлекеттік жоғары марапаттауларға ие болды.

Жоғары оқу орындарын бітіріп келген мамандар Т.Әбдірешов, Қ.Жұмағалиев,

Д.Доспамбетов, А.Қаплиев, И.Ғабдуллин тәжірибелі басшыдан үлгі алып, шаруашылық тетігін терең меңгеруге талаптанды. Шаруашылықта ғылым жетістері мен озық тәжірибені ұштастыру міндеті алға қойылды.

Ауыл мәдениеті көтеріле бастады. Шаруашылық орталығынан «Қарлығаш» деп аталатын типтік кинотеатр, наубайхана, мектеп ғимараттары бой көтерді.

Уақыт өте келе «Жетікөл» кеңшарының атағы аудан, облыс көлемінде дүркіреп біліне бастады. 1965-1970 жылдардың қорытындысы бойынша шаруашылық ауыл шаруашылығы саласында жоғары көрсеткіштерге жеткені үшін Еңбек Қызыл Ту, ал кеңшар директоры Отар Қылипанов Ленин орденімен марапатталды.

Отекең бір шаруашылықты жиырма жылдай басқарған облыстағы санаулы жетекшілердің бірі. Осы уақыт ішінде ол Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту, екі рет «Құрмет белгісі» ордендерін кеудесіне тақты. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасын алды. І дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені оның майдандағы ерен ерлігінің айғағы еді.

Ол Ойыл сайлау округінен республика Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланып, жоғары мінбеден ауданның экономикасы мен әлеуметтік саласына қатысты көкейкесті мәселелерін шешуде белсенділік танытты. Кәсіподақтың Одақтық съезіне қатысып, оның орталық комитеті құрамына сайлануы да бір мәртебе еді.

Отекең зейнет демалысына шыққан соң де белсенді қызметін тоқтатқан жоқ. Аудан орталығына қоныс аударып, ойылдық ардагерлердің қоғамдық ұйымының тізгінін ұстады. Өзімен жас шамасы ілгері-кейінді соғыс, еңбек ардагерлерінің мұң-мұқтажын жанашырлықпен шешті, көп қартқа қолдау жасады.

Аяулы азаматтың сыйласып қызмет еткен адамдары арасында  С.Құбашев,

В.Изюмников, Н.Журин, Р.Шаяхметов, И.Женалаев секілді ел басшылығында жүрген азаматтар болды. Аудан басшылары Ғ.Тегісбаев, І.Ерғалиев,

А.Әкімжанов, Б.Жолмырзаев, С.Сағынтаевтар да ол үшін пікірлес жолдас, сенімді серіктер іспетті еді.

Отекең өмірден озғалы он алты жылдың жүзі болды. Оның артында жақсы аты қалды. Өмірлік серігі болған Шәйзадасы балаларынан тараған немере-шөберелер ортасында мәуелі бәйтерек сынды жапырағын молынан жайып отыр.

 

Өтеміс ӘКІМОВ,

облыстың және Ақтөбе қаласының құрметті азаматы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button